«Рухани жаңғыру» кітапханасы жаңа 30 оқулықпен толықты

2017 жылғы 12 сәуірде жариялаған, Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет екенін айтты. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай  жасауды тапсырды.

Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды.

Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалмақ.

Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» деп аталатын қоғамдық қордың негізінде ұйымдастырылуда.

      Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздегі барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналып, жалпы саны 800-ден аса оқулық атауы келіп түсті. Жинақталған тізімдердің негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап болуы қажет деген талаптарға сүйене отырып, 2017 жылға 18 оқулық таңдалды. Жоспарға сай, бұл оқу құралдары қазақ тіліне аударылып, ЖОО-на тегін жеткізілді. Жаңа оқулықтар 2018-2019 оқу жылынан бастап жоғары білім беру жүйесіне  енгізілді.    

      Қазіргі уақытта келесі 30 кітап аударылып, баспадан шықты. Оқулықтардың жаңа топтамасы дүниежүзі тарихы, әдебиет теориясы, халықаралық құқық және бизнес, қазіргі заманғы педагогика, өнер тарихы, интернет психологиясы, стратегиялық менеджмент, маркетинг негіздері, ұйымдық мінез-құлық, медиа және бизнес-коммуникация, адам ресурстарын басқару, дипломатия, оринтализм және семиосфера секілді бағыттарды қамтыған.

     Атап айтсақ, МакГроХил баспасынан шыққан 2 томдық «Панорама: дүниежүзі тарихы» оқулығы тарихты оқытуда бізде қалыптасқан формациялық ұстаным мен ұғымды бұзып, адамзат дамуын біз үшін мүлде жаңа тұрғыдан таныстырады.

Бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған, кіріспе және 4 томдық антологиядан тұратын «Әдебит теориясы» топтамасы әдебиеттануды басқа салалармен байланыстыра отырып, оған анағұрлым кең көзқарас қалыптастырады. Жинақ әдебиеттегі орыс формализмі, структурализм, феноменология, постструктурализм, психоанализ ұғымдары, постотаршыл және трансұлттық таным туралы түсінік береді.

     Экономика және кәсіпкерлік бағытындағы білім беруге қажетті оқулықтар қатарын толықтыру мақсатында бірқатар әлемге танымал авторлардың құнды еңбектері аударылды. Атап айтсақ, Джон Гэмбл бастаған авторлық топтың «Стратегиялық менеджмент негіздері», Ник Уилтонның «HR менеджментке кіріспе» атты оқулығы, Стивен Роббинстің «Ұйымдық мінез-құлық негіздері», Чарльз Хиллдің «Халықаралық бизнес: жаһандық нарықтағы бәсеке», Ларри ДиМаттеоның «Халықаралық бизнес құқығы және заңнамалық орта» оқулықтары бар. Бұл ретте ерекше аталуы тиіс кітап – қазіргі маркетингтің негізін қалаушы саналатын Филип Котлердің «Маркетинг принциптері» оқулығының 17-ші басылымы.

      Жоғарда аталған 30 оқулықтың әрқайсысы 10 мың дана басылыммен шығарылып, еліміздегі 112 жоғары оқу орнына жаңа оқу жылына дейін таратылады. Оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа беріледі.