К.Ә Сағадиев Қостанай облысы, Жангелдин ауданының бұрыңғы 1-ауылында дүниеге келген (1938 ж.). Балалық шағы тауқыметі көп соғыс жылдарына тура келгендіктен, өз қатарлары секілді ерте есейіп, оқу-білімге талпыныс жасады, бұл оның кейін өмірінің өзегіне айналды.
Кенжеғали Әбенұлы алты балалы (үш ұл, үш қыз) отбасында өсті. Оның ата-анасы өмірдің өзі үйреткен, таңның атысы, күннің батысы бала шаға қамын ойлаған колхозшылар болатын. Әкесі Сағади Тыныштықпаев ферма меңгерушісі қызметін атқарады, ауылға сыйлы азамат болған, 1950 жылы дүние салған.
Әбен Сағадидың енші алмаған немере ағасы болатын, Кенжеғалидің бала кезінде бәрі бір отбасында өскен. Сондықтан ол әкесі жағынан Әбенұлы болып жазылған. Кенжеғали Әбенұлының шешесі — Қаламқас Бимағанбетқызы ұзақ жылдар колхоз жұмысында болған, балаларының бәрін аяғына тұрғызып , қиындығы мен қызығы мол ұзақ өмірін солардың қасында өткізіп, 1985 жылы дүние өткізген.
