Білімі

Кенжеғали Әбенұлының білімге деген талпынысы сәтті болды. Ол Жангелдин (1945-1950 жж.) және Семиозер (1950-1955 жж.) аудандарының мектептерінде оқып, 1955 жылы онжылдықты күміс медальмен аяқтады. Сол жылы Республикамыздағы бірден-бір жалғыз С.М Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетіне (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті) оқуға түсіп , ондағы жастар ұйымының белсенді мүшесі болды, ғылыми зерттеулерге араласты, Алматыда, Самарқандта, басқа да қалаларда өткен ғылыми конференцияларда мазмұнды баяндамалар жасады, үздік оқуы үшін Сталин (кейін Ленин) атындағы степендияның иегері болды, университетті өнеркәсіп экономикасы мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шықты (1960 ж.). Осындай алғашқы нәтижелер жас маманның өзі білім алған оқу орынында ғылыми-педагогикалық қызметке шақырылуына себепші болды.

К.Ә Сағадиев еңбек жолын С.М Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті) халық шаруашылығын жоспарлау кафедрасының ассистенті қызметінен бастап (1960 ж.), кейін осында аға оқытушылыққа жоғарылатылды.

1963 жылы Кенжеғали Әбенұлы Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтының аспирантурасына түсіп, оны мерзімінен бұрын нәтижелі аяқтап, «Одақтас республикалардағы күрделі құрылыстарды кешенді материалдық-техникалық жабдықтау мәселелері» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғап , елге оралды.

Подписывайтесь на обновления